ЖОСПАРСЫЗ ТУЫЛҒАН ҰРПАҚ... немесе бала тууға сақтана қарауға жетелейтін «салқын саясат»

Тақырыпты оқып, ойларыңыз сан саққа жүгірген болар. Ол түсінікті де. Бүгін бұл сөз құлаққа түрпідей тиеді. Жоспарсыз ұрпақ... Яғни, қалаусыз, некесіз туылған бала ғой? Жоқ. Тақырыптың түп-төркіні мүлде бөлек. Айтпағымыз мынау...

Жоспарсыз, я жоспармен бала туу дегенді  қазақтың тарихына терең бойлаған ақын, жазушылардың туындыларынан, ғалымдардың еңбектерінен кездестірмейсіз. Аға ұрпақ біледі. Иә, «некесіз туылған бала» деген ұғым болды. Бірақ, ерте замандарды айтпаған күннің өзінде, отыз-қырық жыл бұрын қазақ қызының оң жақта жүкті болып қалу жағдайы некен-саяқ кездескен. Оның өзінде оларға «қалаусыз туған бала» деп айдар тақпаған. Іштей қынжылса да, дана қазақ әр балаға халықтың өсімі деп қараған ғой. Қазір ше?!

Қазiр қалалық жердің кез келген емханасына бас сұқсаңыз “Отбасын жоспарлау” деп жазылған кабинеттi көресiз. «Бұл қай жоспарлау?» деген сұрақ туындайды санаңызда. Бұл – отбасын қалай құрудан бастап, алдағы уақытта балалы болу және болмау мәселесiне қатысты кеңестер беретiн жер екен. Егер отбасы таяу уақытта балалы болуды қаламаса, мұнда  жүктiлiктен қалай сақтану жайында ақыл айтылады. Ауылдағы ақсақалдардың сөзімен айтсақ, «Алланың қалауындағы дүниені өзіміз реттеуге тырысқанымыз қалай?!».

Табиғи процеске саясаттың араласқаны қалай? 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде «бала тууды жоспарлау» атты бағдарлама аса қызу жүрді. Ол медициналық тұрғыдан түсіндірілетін. Яғни, әйел бір баладан соң екінші баланы араға жылдар салмай, әкелмеуі тиіс. Себебі, баланы өмірге жиі әкелген сайын баланың да, ананың да денсаулығы нашарлай түседі-мыс. Осылай түсіндірілген бағдарлама көп ұзамай «жемісін» берді. Қазақ әйелі бала санын бір, екі баладан арттырмауға, онда да баланың арасын мейлінше кешіктіруге тырысты. Екі-үш, тіпті бес жылдан соң әкелсең, тіпті жақсы. Осыған малданған көп қазақ отбасы бір, әрі кетсе, екі баламен ғана тоқталып қалатынын ұғынған жоқ. Себебі, табиғи процесті қолмен тоқтатпақ болғанда, қатал әдіс-тәсілге жүгінуге тура келеді. Мәселен, контрацептикалық препараттар мен құралдарды пайдалану арқылы жүктілікті болдырмау тәсілі. Мұның соңы әйелдің қайтіп бала көтермеуіне алып келуі мүмкін. Соның салдарынан қазірде бала тууды жоспарлаудың салдарынан бір баладан соң қайтадан перзент сүйе алмай бармақ тістеп жүрген отбасы қаншама!

«Бала тууды жоспарлау» бағдарламасы. Былайша айтқанда табиғи процеске саясаттың араласуы. Мұның салдарын қазақ қазір де айқын аңғарып отыр. Қарап отырсаңыз, ұлттың танымымен біте қайнасқан көп балалы шаңырақ ұғымы өткен уақыттың еншісінде қалып барады. Қазір бір, ары кетсе екі балалы отбасы «сәнге» еніп қана қоймай, жаппай үрдіске айналды. Төрт балалы отбасының көп балалы атануы соның айғағы. Сонау күрмеуі көп қиын кезеңде қазаққа жығылған үстіне жұдырық болып, бала тууын шектеген саясаттың түп төркіні әріде жатыр. 1974 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың қауіпсіздік кеңесінде «отбасын жоспарлау» деп аталатын бағдарлама қабылданады. Оны КСРО кезінде «үшiншi әлем» елдеріне енгізуге құпия тапсырма берген. Себебі, осы елдерде бала туу тым көбейіп кеткен көрінеді. Оның қатарында Орталық Азия мемлекеттері, әрине Қазақстан да бар…

20 миллион?! 

Қазақстан халқы мемлекет саясатына сәйкес, өз жерінде 2020 жылы 20 миллионға жетуі тиіс. Дегенмен, қазақ шаңырағы қалай көбейетінін білмей дал. Себебі, әйелдің денсаулығы нашар. Бала туу жоспарға бағынған. Соңғы 2–3 жыл бедерінде елімізде жыл сайын 300 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді екен.

Жалпы бала тууды жоспарлау саясатын екі түрлі бағытта түсіндірген абзал. Оның біріншісі аборттан сақтану үшін бала тууын жоспарлау болса, екіншісі отбасындағы бала тууды жоспарлау. Қауіптісі де соңғысы. «Психологияда «қалаусыз туған бала» ұғымы бар. Мұны бала тууды жоспарлау саясатының екінші бір тармағы десе болады» дейді психолог Айжан Мағауияқызы. Қандай жымысқы сөз. Мұның аржағында бала туу деген сөзге сақтана қарауға жетелейтін салқын саясат жасырынып жатыр. Қызын ырғалтып-жырғалтып ұзатып, баласының отыз күн ойынын, қырық күн тойын жасап, ақ тілеумен отауға енгізген қазақтың дәстүрінде қалаусыз бала деген таңба мүлде болмаған. Әр бала Алланың сыйы, Құдайдың жаратқан пендесі. Бұл да болса, ұрпақ жалғастығы жарасымдылығына төнген қатер демеске лаж жоқ.

Негізінде, мемлекет саясаты бала тууды жоспарлауға емес, әйел затының денсаулығын нығайтуға мұқият мән бергені абзал.

Бірақ, өмірден өтер шағымызды жоспарлай алмаймыз...

Қазақтың бір, екі баламен тоқталу «мәдениетінің» қалыптасуын осы бала тууды жоспарлау саясатының «жемісі» деп ұққан жөн. Егер уақыт сахнасына көз жіберіп қарасақ, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қазақтың өсiмi күрт өскенін көреміз. Сол кездегі жаппай дәстүрге айналған бір отбасында 10-ға, кейде 13-15-ке дейін ұрпақ өрбітуді хош көрген әз ана дағдысы бірте-бірте тарих қойнауына еніп барады. Ол уақытта ауылда тұрып, 5-6 бала ғана өмірге әкелген әйелге өзгелер тосырқай қарайтын.

Біз мақтай беретін шет мемлекеттерде бұл күнде ұлттың қартаюы өзекті проблемаға айналған. Неміс ұлтының жасы ұлғайып барады. Саны жағынан әлемдегі халқы ең көп Қытай да қартайып қалды. Әлемде, әсіресе дамыған мемлекеттердегі басты проблема – бала туудың төмендігі. Демографтардың айтуынша, халық санының азаюы бала тууды ынталандырумен байланысты емес. Ол қоғамдағы әйелдің әлеуметтік рөлінің өзгеруінен. «Бала туудың кемуіне отбасының жағдайының төмендігі себеп бола алмайды. Мәселен, қараңыз, Еуропа елдерінде материалдық жағдай біршама тәуір, бірақ бала туу жоғары емес» дейді әлеуметтанушылар. Біз мынаны ескермей жүрміз. Бала тууды жоспарлағанымызбен, өмірден қай кезден өтерімізді жоспарлай алмасымыз хақ! Ал қазаққа қазір көбею керек!

Біз ғана «ұйықтап» жүрміз бе? 

Көзімізді ашып, жан-жаққа қарайықшы... Әлем елдері қауіпсіздікті күшейту мақсатында бала тууды арттыру үшін түрлі ұлттық жоба қабылдап жатыр екен. Немістер анаға немесе әкеге соңғы жалақысының 67 пайызы мөлшерінде жәрдемақы төлейді. Француздар белсенді демографиялық саясат жүргізіп, Батыс Еуропа елдерінің ішінде бала туудың ең жоғары көрсеткішіне ие болды. Қытай да бала санын көбейтуден қашпайды. Аспанасты елі бір отбасына бір бала бағдарламасынан ішінара бас тартуда. Біз жоспарлап әлекпіз!

Көбею проблемасы Қазақстан үшін де айрықша маңызды. Халық санының тығыздығы республика бойынша тұтастай алғанда бір шаршы километрге 5,5 адамды құрайды. (Мысалы, Қытайда бұл көрсеткіш бір шаршы метрге 140 адам). Табиғи өсім төменгі деңгейде, бүгінгі күні елде 450 мың отбасы баласыз. Жыл сайын 170 мың аборт жасалады.

ПыСы: Қазір барлығы жоспарлы. Елдің ілгері жылжуы үшін жоспар құруды түсінуге болады. Алдымызға мақсат қойып, жоспарлы түрде жасаған іс-шараларымыздың жүйелі, нәтижелі болатыны да рас. Бірақ, нені, қалай жоспарласақ та барлығы Алланың қолында екенін ұмытпағанымыз абзал, ағайын! Әсіресе, отбасын құру, сәби сүю бақыты еш жоспарға көнбейтінін ескерейік!!!

Поделиться
+1