«Қамқорлық» айлығы шеңберінде «Черноярский» тұтынушылар кооперативі Черноярск ауылдық аймағының әкімдігімен бірлесіп, балалар үйіне көмек көрсетті. Аймақтағы балалар үйіне 40 тонна сәбіз бен қарбыз таратылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Игі іске мұрындық болған ауыл әкімі, бұрын Шақат балалар үйін басқарған Ерболат Канкинге чернояркалық жүзден астам шаруа қожалығы қолдау көрсеткен.
№ 4 Павлодар арнайы түзету мектеп интернаты, Мичурин балалар үйі, отбасылық үлгідегі Шақат балалар үйі, Кенжекөл балалар үйі және Розовка ауылындағы мектеп алдындағы интернатқа күзгі өнім жеткізілді. Әрбір балалар үйіне он қаптан сәбіз пен қарбыздан табыс етілді. Мұндай қайырымдылық шараны «Черноярский» тұтынушылар кооперативі алғаш рет ұйымдастырып отыр.
«Біз бұрын да «Мектепке жол» акциясын қатысып, балғындарға көмек көрсететінбіз. Алайда дәл осындай ауқымды түрде болған емес. Алдағы уақытта да сауабы мол дәстүрді жалғастырамыз деген үміттеміз», - дейді «Черноярский» ТК-нің басшысы Валерий Литвин.