Түріктердің Измир қаласындағы Гедизли университетінің инженерлік факультетінде оқитын студенттер 1 мың шақырым қашықтықты 1 литр жанар-жағар маймен артқа тастауға мүмкіндік беретін машина жасап шығарды.
Инженерлер алдағы уақытта бес мың шақырым қашықтықты бір литр жанар-жағар маймен артқа тастауға мүмкіндік беретіндей етіп моторды жетілдіруге күш салатындарын жеткізді. Олар бұл жетістікке күн шуағынан алынатын қуат, электр қуаты, жанар-жағар май және энергияның тепе-теңдігін сақтау арқылы қол жеткізген көрінеді. Ал бұл тепе-теңдік өз кезегінде көмірсутекті отынды ең аз шамаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жаңалыққа, жасампаздыққа жаны құмар студенттердің бұл еңбегі “Шелл Экомарафон” деп аталатын жанар-жағар маймен жүретін автопротативтер жарысында көзге түсіп, жоғары баға алды. Олар мамыр айының орта шенінде Голландияда өтетін жарысқа шақырылып отыр. Бұл дүбірлі додада 26 елдің 229 командасы бақ сынайды.