Шарипованың өліміне байланысты сот наурызға ауыстырылды

Евгеньев ауылының 8 сынып оқушысының өліміне байланысты қылмыстық сот қорғаушының өтініші бойынша кейінге қалдырылды. Яғни, 6 ақпаннан 15 наурызға ауыстырылды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз-хатшысы Рауан Бейлғожинге сілтеме жасап ҚазАқпарат. Сот жабық режимде алқа билердің қатысуымен өтеді.
Облыстық сот, айыпталушының қорғаушыларының істі өзге құраммен, республиканың өзге өңіріндегі сотта қарау өтінішін қабылдамады.
Р. Бейлғожиннің сөзіне қарағанда, бұл іс бойынша Павлодар облыстық сотының шешімі жақын арада ҚР Жоғарғы сотының сайтында жарияланады.
Айыпталушының туыстары соттың әділ шешім қабылдайтынына сенбегендіктен, сот құрамына қарсылық білдірген еді. 
Ақсуға қарасты Евгеньев ауылында болған оқиға қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Настя Шарипова өткен жылы қазан айының соңына қарай түс кезінде жоғалып кеткен. Ол 2 аптадан кейін табылды. Қызды біреу зорлап, қылқындырып өлтірген. Полиция қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы көршісін құрықтаған болатын.
Ұсталған кезде кінәсін мойындаған күдікті, кейін бұл сөздерінен бас тартқан. Ол өзін кінәлі деп санамайды.

Поделиться
+1