Виктор Януковичке іздеу жарияланды

Украина президенті қызметінен шеттетілген Виктор Януковичке іздеу жарияланды, деп хабарлайды РИА Новости Украина Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Арсен Аваковтың мәлімдемесіне сілтеме жасап. 
"Бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Янукович пен басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларға іздеу жарияланды", - деп жазады ол өзінің Facebook парақшасында. 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Януковичтің қайда тұрып жатқаны әлі күнге дейін белгісіз. 22-ақпан күні кешкісін ол Киевтегі "Межигорье" резиденциясын тастап, тікұшақпен ұшып кеткен болатын. Оның бұл көрінісі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін ол Харьковқа ұшып барған, онда ол украиндық журналистерге елден кептейтінін, өзінің заңды сайланған мемлекет басшысы екендігін жеткізген. Бұдан басқа, президент мемлекеттік төңкеріс туралы мәлімдеген. 
БАҚ құралдары арасында және әлеуметтік желілерде Виктор Януковичтің Қырымда жасырынғаны, Ресейге, Беларуссияға, тіпті Оман мен БАӘ қашып кеткені туралы сыбыс тараған. Алайда аты аталған Парсы шығанағындағы елдердің билігі бұл сыбысты жоққа шығарды. Тағы бір нұсқа бойынша Янукович Украина территориясында орналасқан арнайы бункерлердің бірінде болуы мүмкін. 23-ақпан күні кешкісін бірқатар украиндық БАҚ құралдары Виктор Януковичтың Қырымда ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Алайда кейін Украина Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Арсен Аваков бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Поделиться
+1