Қазақстанда туылған азамат Минскідегі метроның жұмысын тоқтатып тастады

Құқық қорғау органдары 26-ақпан күні Минскідегі метро жұмысын тоқтатқан қаскүнемді қолға түсірді, деп хабарлайды БЕЛТА. Ол Қарағандыда туып-өскен, Минск облысында тұратын 35 жастағы азамат болып шықты. 
26-ақпанда жолаушылардың бірі ер адамның біреуге телефонмен SMS жазып отырғанын оқып қалғанын Минскідегі метроның күзетшісіне хабарлаған, деп жеткізедіРИА Новости. Қазақстанда туған азамат өз хабарламасында оның қопарғыш жабдықты алып келуге қатысты ойын жеткізген. Күдікті өте қысқа мерзімде ұсталды. Ол бомбаға қатысты хабарламаны қандай мақсатта жазды және оны кімге жібергісі келді, бұл жағы әлі белгісіз. 
Ер адамның бұл әрекеті салдарынан Минсктегі метроның жұмысы үш сағаттан аса уақытқа тоқтап қалды. Әр бекеттегі жолаушыларды ешқандай байбаламсыз мотрополитеннен шығарып, жер үстіндегі транспортты пайдалануын сұрады. Жедел-іздестіру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Қазіргі таңда күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалғаны хабарланды. Белорусия Тергеу комитетінің Минсктегі басқармасы оның әрекетіне қатысты құқықтық бағасын беруде.

Поделиться
+1