Путин мен Обама Украиндағы жағдайды талқылады

"Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы АҚШ президенті Барак Обамамен Украиндағы жағдайды талқылады" деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Ақ үй бастамасымен Путин мен Обама 7 наурызға қараған түні бір сағатқа жуық телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Обама Ресей мен Украинаның мүддесі ескерілетін дағдарыстан дипломатиялық жолмен шығу сценарийін ұсынды. Оның пікірінше, Ресей мен Украина халықаралық қоғамдастықтың қатысуымен тікелей келіссөздер жүргізуіне болады; Халықаралық бақылаушылар Украина азаматтарының, оның ішінде этникалық орыстардың да құқығын қорғайды; Ресей әскерлері өз базасына қайта оралады, ал халықаралық қауымдастық бірлесе отырып Украинаға мамыр айындағы президент сайлауын өткізуге қолдау көрсетеді.
Обама, "дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу үшін АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен, Украина Үкіметімен және басқа да тараптармен келіссөздерді жалғастыратынын айтты" делінген Ақ үйдің баспасөз хабарламасында.
Өз кезегінде Путин аниконституциялық жолмен келген қазіргі Украина басшылығы Шығыс және Оңтүстік Шығыс аймақтар мен Қырымға легитимді емес шешімдерді тықпалап отырғанын атап өтті. "Осыған қарсы шара қолдануды сұрап отырған үндеуге Ресей бей-жай қарай алмайды және халықаралық нормаларға сәйкес әрекет етеді" делінген Кремлдің баспасөз хабарламасында.
Әңгіме барысында Путин ресейлік-американдық қатынастардың әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызы аса зор екенін атап өтті. "Базбір мәселелір тіпті барлық халықаралық проблемалар бойынша арадағы келіспеушілік ешқандай құрбандыққа апармауы тиіс" делінген Кремлдің баспасөз хабарламасында.

 

Поделиться
+1