Павлодар облысында 3-8 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының мектеп және колледж оқушыларының VII жазғы спартакиада бағдарламасы аясында спорттық акробатика, акробатикалық жолда және батутта секіру бойынша жарыстар өткізіледі.
Бүгін «Баянтау» спорт сарайында ҚР мектеп және колледж оқушыларының VІІ жазғы спартакиадасы шеңберінде акробатикадан жарыстың ашылуы болып өтті.
Павлодар облысына спартакиадаға қатысу үшін Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 100-ден аса жас спортшы келді.
Жарыстың ашылуында Павлодар облысы білім беру басқарма басшысының орынбасары Тамара Иванова мен Павлодар облысының еркін күрестен ҚР бірінші спорт шебері Амантай Айтмагамбетов құттықтау сөз сөйледі.
ҚР мектеп және колледж оқушыларының VІІ жазғы спартакиадасы бағдарламасына енгізілген спорттың 45 түрінен ақтық жарыстар шілде айының соңына дейін жалғасады.
Биыл VII жазғы спартакиада бағдарламасында Павлодар облысы алғаш рет 32 спорт түрінен сынға түспек. Гір спорты бойынша Жамбыл облысының Тараз қаласында өтетін жарысқа оқушылардың жол жүруіне Ақсу ферроқорытпа зауыты жағдай жасап отыр.