Қазақстанда "Чечил" өніміне шектеу қойылады

Қазақстанда Адыгея республикасының өндіріс орнынан "Чечил" кептірілген ірімшігін саудалауға шектеу қойылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігімен көтерме және бөлшек сауда жасау нысандарында Адыгея республикасының өндірісі "Чечил" кептірілген ірімшігін саудалауға шектеу қойылады, өйткені ол Кедендік Одақтың белгіленген техникалық регламентінің талаптарына сәйкес емес", - делінген хабарламада. 

Мониторинг жүргізудің нәтижесінде еліміздің көптеген базарларында "Чечил" кептірілген ірімшігінің сатылып жатқаны анықталды. Алайда, тауардың шығарылған жері белгісіз. Тіпті тауардың қаптамасында өнімнің бұзылмайтынына, қауіпсіздігіне кепілдік берілмеген, оның үстіне өнімнің шығарылған жерінің атауы, өнімді дайындаушылардың немесе шеттен импорттаушылардың мекен-жайы көрсетілмеген.

"Агенттіктің облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері кәсіпкерлік субектілерімен, өндіріспен және жоғарыда көрсетілген өнімді өткізушілермен ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Сонымен бірге тұтынушыларға да кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Поделиться
+1