Павлодарда ержүрек полицей өмірі қыл үстінде тұрған қызды құтқарды

Павлодарда ержүрек полицей 8 қабаттан құлағалы тұрған қызды құтқарды, деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі. 
27 жасар қыздың өмірі қыл үстінде тұрғаны жөнінде хабар «102» операторына келіп түскен. Бірден көмекке келген тәртіп сақшылары көпқабатты тұрғын үйдің терезесінің жақтауынан ұстап құлайын деп тұрған қызды көреді. Полицияның аға сержанты Ернұр Әмірханов бір қабатқа жоғары көтеріліп, дымқыл ақ жайманың көмегімен терезеден түскен. Бұл кезде қолдан жасалған арқанды аға лейтенант Ерлан Қожахметов пен көршілердің бірі ұстап тұрған. Осылайша, түн ішінде өз өмірін қауіпке тігіп, пәтердің ішіне түседі. Бұдан кейін қыздың киімінен ұстап, құтқарып қалған. Есінен таңып қалған бойжеткенге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды. 
Есін жиған ол терезе алдында отырып, абайсызда әрі қарай құлап кете жаздағанын айтады. Абырой болғанда, терезенің жақтауынан ұстап қалып, полиция да дер кезінде жеткен.

Поделиться
+1