Оралда 4 қабатты үй құлап қалуы мүмкін

Оралдағы Жуков көшесінде орналасқан төрт қабатты үйлердің бірінің поъездінен тұрғындар жедел түрде басқа орындарға көшірілді. Өйткені ол үйге құлау қаупі төніп тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Мой город" порталына сілтеме жамай отырып. 

Сенбі күні сол үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннің терезелерінің бөренелерін ауыстыру кезінде плита құлап бүкіл үйдің қабырғасына сызат түсті. Оқиға орнына құтқарушылар, Оралдың әкімі Алтай Күлгінов, ІІД басқармасының бастығы Манарбек Ғабдуллин, әкімнің орынбасары Ғалым Орынғалиев, қалалық мәслихат депутаты Аветик Амирханян және басқалар келді.

Тұрғындардың айтуынша, дүкендегі жөндеу жұмыстары кезінде құрылысшылар үйдің қабырғасын зілбалғамен қатты ұрған. "Мен күндізгі екілер шамасында жұмыстан келдім, өзім үшінші қабатта тұрамын. Бес минуттан кейін қатты дүрсіл естілді де, қабырғалар мен төбеде сызат пайда болды. Жедел сыртқа шыққанымызда үйдің терезе жақтауларының отырып кеткенін көрдік", - дейді тұрғындардың бірі Гуляра.

"Біз терезелерді пластикке айырбастап, айналасына арнайы көбік құйып жатқанымызда үйдің қабырғасы жарылып кетті", - деді құрылысшылар полиция қызметкерлеріне.

 Аталған үй 1961 жылы салынған. Мұнда 90 адам тұрады. Қазіргі таңда үй газ бен электр желісінен ажыратылды. 

Инженерлер плиталардың қалай орналасқанын анықтауы керек. Қазіргі кезде қабырғалардағы сызат үшінгі қабатқа жетті. Кез келген уақытта үй құлап қалуы мүмкін, - дейді Орал гарнизонының кезекші жедел уәкілі Рустам Низамов. 

Тонаушылықты, ұрлық-қарлықты болдырмау үшін үйді полиция қызметкерлері қоршап алды. Сенбі күні кешке тұрғындарды тізім бойынша құтқарушылармен бірге үйге кіргізді. Олар өздеріне қажетті құжаттарын, заттарын алып шықты. 

Тұрғындар туыстары мен жақындарының үйіне барып түнеді. Баратын жерлері жоқ тұрғындарға қала басшысы уақытша баспана беретінін айтты. 

Мамандар үй құлап қалмау үшін дүкенге 58 тіреу қойды. Арнайы құрылған комиссия ары қарай қандай әрекеттер жасалатынын шешпек. Ең бастысы тұрғындар дер кезінде басқа жерлерге көшірілді, адам шығыны жоқ, - дейді Орал қаласы ТЖ басқармасының бастығы Т.Еділбаев.

 

 

Поделиться
+1