Облыстағы скрининг тексерулер еуропалық стандарттарға сай жүргізілуде

Бұл туралы Павлодар облыс әкімдігі жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім болды. Жиын барысында өңірде онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған іс-шаралар жайлы әңгіме өрбіді.
Облыстағы онкологиялық диспансердің бас дәрігері Мұрат Сүлейменов қатерлі ісікке шалдыққандар көрсеткіштерінің арту себептерін түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұл көрсеткіш кейінгі жылдары онкологиялық сырқаттарды ерте анықтауға бағытталған скрининг іс-шараларға байланысты. Яғни тексеру ауқымы кеңейіп, көп жылдар ауруынан бейхабар жандар тізімге алынуда. Былтыр скрининг нәтижесінде 98 адамнан обыр ауруы бастапқы кезеңінде анықталған. Айта кетерлігі, өткен жылы облыста асқазан, бауыр, өңеш және еркектік без ісіктерін анықтау бойынша скрининг тексеру пилоттық жобасы іске қосылған.
«Қазіргі таңда облыста 48 онколог-дәрігер бар. Ақ желеңділердің кәсіби шеберлігін шыңдау және шетелдік тәжірибені меңгеру мақсатында өткен жылы 750 дәрігер, сонымен қатар 125 акушер-маман алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша оқытылды. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 164 сала қызметкері мен 8 эндоскопист маман онкология саласының өзекті мәселелері бойынша білімін жетілдірді. Айта кетерлігі, өңірдегі скриниг тексерулер еуропалық стандарттарға сай жүргізілуде. Медициналық қызмет тегін әрі сапалы», - деді облыстық онкологиялық диспенсердің бас дәрігері Мұрат Сүлейменов.

Поделиться
+1