Астана мен Шымкент арасына жаңа "Тальго" қатынайды

Астана мен Шымкент арасын жаңа "Тальго" пойызы жалғады, - деп хабарлайдыTengrinews.kz "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тальго" жүрдек пойызының №79/80 алғашқы рейсі Астанадан Шымкентке 2 маусым күні аттанды. Пойыз Қарағанды, Сарышаған, Шу, Жамбыл бекеттеріне аялдайды. 

Жолаушылар пойызының Шымкентке дейінгі жолының ұзақтығы 15 сағат 35 минут болса, кейін қарайғы жол - 16 сағат. Орынбор - Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызы бұл жолды 23 сағатта жүріп шығады. "Бұрын Астана - Шымкент бағытында тікелей рейс болған жоқ. Біз бұл пойыз жолаушылардың сұранысына ие болады деп ойлаймыз. Әсіресе, жаз мезгілінде", - дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның "Экспресс" филиалының директоры Шәміл Қожабеков. 

"Тальго" пойызы 22 вагоннан тұрады: "Бизнес" және "Гранд" класындағы вагондардың саны үшеу, "Турист" класындағы вагондар - 12, бір вагон-мейрамхана, бір вагон-бар және екі техникалық вагон бар. Жүрдек пойыз күнара қатынайды: Астанадан жұп күндері шықса, Шымкенттен тақ күндері жол тартады.

Поделиться
+1