Денис Шәкенов Павлодар облыстық қаржы полициясының бастығы болып тағайындалды

Павлодар облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жаңа бастығы тағайындалды, - деп хабарлайдыТengrinews.kz сайтының тілшісі Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денис Шәкенов осыған дейін Павлодар облыстық қаржы полициясы бастығы қызметінің міндетін уақытша атқарып келген болатын. Өйткені, осы лауазымды атқарған Мұрат Қабденов сәуір айында өз еркімен қызметтен кету жөнінде өтініш беріп, жұмыстан кеткен еді. Енді ол орынға Д.Шәкеновтің тағайындалғанын аймақ басшысы Қанат Бозымбаев жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысында мәлімдеді.

Естеріңізге саламыз, аталмыш ведомствоны сәуір айынан бері қаржы полициясының подполковнигі Денис Шәкенов уақытша атқарып келген еді.  Осы уақыт аралығында қаржы полициясы шенеуніктердің араласуымен болған екі жемқорлық істі ашты. Мамыр айында Павлодардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Найдар Вахитовтың жолын кесті. Ол мемлекеттік тұрғын-үй қорынан баспана алуға көмектесемін деген желеумен тұрғындардан 20 мың доллар қаржы талап еткен. Сондай-ақ, қаржы полициясының қызметкерлері ІІД жол-патрульдік қызметінің рота командирін де қамауға алған болатын. Тергеу нәтижесінде полицей өндірушіден 150 мың теңге пара талап етіп, әр ай сайын осындай қаржы беріп тұруға мәжбүрлегені анықталған.   

Поделиться
+1