Атырау облысында сарматтар мәдениетіне тән ер адамның сүйегі табылды

Ғылыми экспедиция Атырау облысы аумағынан сарматтар мәдениетіне тән ер адамның сүйегін тапты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz сайты. 

Х.Досмұхамедов атындағы университеттің археологиялық оқу-зерттеу зертханасының меңгерушісі Әния Ермағанбетованың айтуынша, Махамбет ауданы Ақжайық ауылындағы Жангелді қорғанынан қылыш, қанжар, қыш құмған, 30-ға жуық қола айна және не екені белгісіз алтын түйіндер табылған. Экспедиция қатысушылары табылған бір білезікті арнайы сараптамадан өткізуге жіберген. Оның нәтижесі бірер күнде белгілі болады. 

Археолог Марат Қасеновтің басшылығымен жүріп жатқан экспедиция бұдан да өзге сарматтар мәдениетіне қатысты жәдігерлер табады деп үміттенеміз. Олар зерттеу жұмыстарын әлі жалғастыру үстінде. Бұл аймақта сарматтар мәдениеті б.д.д VІІ ғасыр мен б.д.д ІІІ ғасыр аралығында салтанат құрған. Бұған дейін Атырау облысы Индер ауданындағы Қылыш қорғанынан түрлі ағаш заттар мен бағалы бұйымдар табылған болатын.

Поделиться
+1