Павлодар қаласында 423 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Бүгінгі күнге дейін Павлодар қаласында 423 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі қалалық кәмелетке толмағандардың ісі және  құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы И. Рысмағамбетова сілтеме жасап. Сонымен қатар Павлодар қаласының ішкі істер бөлімінің есебіне 247 кәмелетке толмаған жас және аз қамтамасыз етілген отбасылардың 238 жасөспірімі қойылды.
Бұл туралы Павлодар қаласы әкімдігі кәмелетке толмағандардың ісі және  құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында белгілі болды. Жиын кезінде комиссия өкілдері ата-ана және құқық қорғау органдары мамандарының қарауынсыз қалған жасөспірімдердің түнгі уақыттағы жауапкершілігі сөз болды. Аталмыш мәселені талқылауға 30 оқушы қатысты. 
Полиция қызметкерлері балаларға түнгі уақытта, атап айтқанда, сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін ересектердің қарауынсыз жүретін болса, ата-аналарға ескерту жасалатынын жеткізді. Бұл әрекет бірнеше рет қайталанатын болса, 5 -10 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын да ескертті. Бүгінгі күнге әкімшілік жауапкершілікке 423 ата-ана тартылды. Жасөспірімнің үйден заңды өкілсіз кетіп қалуының 355 оқиғасы тіркелген. Ал ата-аналарының немесе басқа заңды тұлғалардың балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамаудың 68 жағдайы анықталды.

Поделиться
+1