Жұмыс барысында зардап шеккен азамат «ЕЭК» АҚ-нан сот арқылы 3 млн теңге өндіріп алды

Ақсу қалалық соты «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ-на денсаулығына зиян келтіруіне байланысты 10 млн теңге көлемінде өтемақы талап етуі бойынша азаматтық істі қарастырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір жыл бұрын кәсіпорын қызметкері өндіріс барысында жоғарыдан құлап, ашық бас сүйек-ми зақымы,  бас сүйек-миын жаралаған. Жазатайым оқиға актісіне сәйкес төтенше жағдайдың туындауына өндірісті тиісті деңгейде ұйымдастырмау және қауіпсіздік талаптарын бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі себеп болған. Бұл – бірінші кезекте жұмыс берушінің кінәсі. Сот барысында «ЕЭК» АҚ өкілдері арыз берушіге өтемақы төлеуге қарсы болмады. Бірақ, арызданушы сұраған көлемде емес, кәсіпорын оған 500-800 мың теңге төлеуге келісті. Нәтижесінде сот шешімімен моральдік зиян келтіргені үшін кәсіпорын шағымданушының пайдасына материалдық зардап 22885 теңге және зардап үшін 3 млн теңге төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл сомма сотқа берген азаматтың көңілінен шықпады. Дегенмен, аппеляциялық комиссия сот шешіміне өзгерістер енгізген жоқ.

Поделиться
+1