Мәулен Өтеғұлов даулы пәтер туралы сот шешімін бұздыра алмады

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ) төрағасының бұрынғы орынбасары даулы пәтерін өзінде қалдыра алмады. Оның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметке сілтеме жасап хабарлайды.

20 маусым күні Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Бостандық аудандық сотының 2014 жылғы 13 наурыздағы Бостандық ауданы прокурорының Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төрағасының орынбасары Мәулен Өтеғұловқа қатысты жылжымайтын мүлік келісімін жарамсыз деп тану және қабылданған шешімдердің күшін жою туралы азаматтық қуынымы бойынша шығарылған шешімін өзгеріссіз қалдырды.

"Бостандық аудандық сотының 2014 жылдың 13 наурызындағы осы азаматтық іс бойынша шешімі өзгеріссіз қалсын, жауапкер Мәулен Өтеғұловтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмасын деген шешім шығарылды", - делінген қалалық соттың хабарламасында. Шешімнің үстінен тағы шағым түсірілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, бастапқыда талап-арызды азаматтар мен мемлекет мүддесі үшін Бостандық аудандық прокуратурасы берген болатын. Ал оның алдында, өткен жылдың маусым айында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Үкімет басшысы мен Бас прокуратураның атына сауал жолдап, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жетекшілеріне қатысты жемқорлыққа қарсы тергеу жүргізуді сұраған еді. Оған қоса, банктің "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша "Әйгерім" кешенінен пәтер алған қызметкерлерінің тізімі жария етілді. Кейін мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі пәтерлерді бөліп алу дерегі расталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл пәтерлерді қайтаруды тапсырды. "Бәйтерек" ұлттық холдингі басшылары пәтерлерді қайтару басталғанымен, кейбір жетекшілердің баспана жөнінде соттасқалы отырғанын айтты. Өткен мамыр айының ортасында жинақ банкі төрағасының бұрынғы орынбасары Мәулен Өтеғұлов даулы пәтерге қатысты сот шешіміне шағым түсірді. Оның айтуынша, ол пәтерді заң жолымен алған. Өтеғұлов 2005 жылы банктің салымшысы атанған, екі жылдан кейін ғана банкке жұмысқа орналасқан. Ол алты жыл бойы салым салып тұрған, өзінің айтуынша, осы аралықта банктен ешқандай жеңілдік алмаған. 

Поделиться
+1