Жол үстінде 19 баланы құтқарған екібастұздық полицейлер марапатқа ұсынылды

Осыдан бірнеше күн бұрын Павлодар қаласынан Екібастұзға бет алған автобустағы 19 баланы апаттан құтқарып, ерлік жасаған полицейлер марапатқа ұсынылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап. Хабарламада балаларды аман сақтап қалған тәртіп сақшыларының ерлігі ескерусіз қалмауы керектігі туралы жазылған. "Екібастұз қаласының ІІБ жол-патрульдік қызмет ротасының полицейлері полиция старшинасы Абдысабыр Закиров және полиция старшинасы Канат Баисов өмірі мен денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, 19 жасөспірім бар автобустың соқтығысуына жол бермеу үшін кәсіби шеберлік танытып, соққыны өздеріне бұрып ерлік жасады. Үлгі боларлық әрекеттері үшін полиция қызметкерлерін Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімі және Павлодар облысы ІІД басшылығы тарапынан марапаттау туралы ұсыныс жіберілді", - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, оқиға Екібастұз қаласының кіреберісіндегі «Қала-Стелла» бағытындағы жолда орын алған. Павлодар қаласынан келе жатқан автобуспен бірге №946 автопатруль экипажы құрамындағы Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасы қызметінің полиция старшинасы С. Закиров пен К. Баисов еріп жүрген. Осы сәтте аталмыш көлікке қатты жылдамдықта қарама-қарсы бағытқа Honda автомобилі шыққан. Абырой болғанда, балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында полицейлер патруль машинасын бұрып, әлгі көліктің жолын бөгеді. Десе де, екі көліктің соқтығысуы нәтижесінде А. Закиров дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. 19 жеткіншек - дін аман. Ал жол ережесін бұзған 40 жасар жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Поделиться
+1