Барахолка базарындағы кезекті жанжал жаппай төбелеспен аяқталды

Алматыдағы "барахолкада" тағы саудагерлер шу көтерді. Базар жаппай бұзылғанда орнынан айрылғандар екі айдан бері тауарын көшеге жайып сатып келген. Енді әкімшік оларды қудалап жатыр екен.

Cаудагерлер "өліспей беріспейміз" деп, базар күзетшілерімен жаға жыртысты, деп хабарлайды КТК арнасы.

"Барахолка" базарынан тағы да шу шықты. Бұл жолы сүрілген қатарлардың орнында жабайы сауда жасаушылар қудалануда. Ашынған топтың айтуынша, "қызыл сызықта" отырғаны үшін базар әкімшілігіне күніге салық төлейді екен. Ал, ұсақ-түйекпен нәпақасын айырып жүргендерге күзетшілер тыным бермейтін көрінеді. 

Базардағы жағдайды саудагерлер ұялы телефонға түсірген. Базардан береке кеткелі әкімшілікпен жаға жыртысуы бірінші рет емес. Бүгін де күзетшілер орнынан айырылып, саудасын сыртта жалғастырғандарды жағадан алды. Саудагерлердің айтуларынша, базар емес, көше бойы болса да уақытылы салық та төлеп келген.

"Ең басында әкімшіліктен келді. Ақша төлеңдер деді. Біз нан тауып жатырмыз, төледік. Полиция келді. Оған да төледік", - дейді саудагер Құндыз Қабдуллина.

Ал, базар басшылығы "жабайы саудаға" жоқ деп отыр. Базар алдындағы тау болып үйілген қоқысқа да сол саудагерлерді кінәлады.

"Бұл жерге тұрғызуға болмайды. Жабайы саудадан мынандай қоқыс толып жатыр. Сөз алдымен базарға келеді. Мен бұл кісілірге ішке кіріңдер деймін. Мен оларға 2 апта бергем. Қанша келе жатыр, көнбейді. Өздері ішке кіргісі келмейді. Кіргісі келмейді емес, келеді. Бірақ барлығы бірдей жалдау ақысын төлеуге қауқарсыз. Өйткені сатып отырғандары ұсақ-түйек", - деді базар әкімшілігінің өкілі  Жасұлан Керімқұлов. 

Тек ашулы топтың арынын байқаған базар әкімшілігінің өкілі біздің көзімізше ішкі қатарлардан арзан бағамен орын тауып беремін деп уәде берді. Алайда қудалаудан әбден қажыған саудагерлер басшылықтың бұл сөзіне сене қоймады.

Поделиться
+1