Кондуктор екі балалы жолаушыны соққының астына алды

"Ақтөбеде автобус кондукторы жеңілдікпен жүретін екі балалы жолаушыны соққының астына алды" деп хабарлайды Tengrinews.kz "Диапазон" ақпарат құралына сілтеме жасап.

26 маусым күні орын алған оқиға жайлы басылымға зейнеткер Тамара Тыщенко айтып берген. №8 бағыттағы автобуста кондуктор "сен тегін келе жатсың" деп, екі жас баласымен отырған жолаушыдан жүкті әйелге орын босатып беруді талап еткен. Алайда жүкті әйелге басқа жолаушы орын берген.

Десе де, кондукторды бұл жағдай қанағаттандырмаған көрінеді. Ол автобустың артқы жағына өтіп, екі баласымен отырған жолаушы әйелді соққының астына ала бастаған. Шошып кеткен балалар жылай бастаған. Жолаушылар екі балалы әйелді арашалап алады. Тіпті кейбіреулер "ақшасын төлей салшы" деп те ұсыныс айтқан көрінеді. Ашуға мінген кондуктор әйел автобусты тоқтатып, жолаушы әйелді екі баласымен қоса автобустан түсіріп тастамақ болған. Алайда жолаушылар оған жол бермеген. Кондуктор соңғы аялдамадан түсіп жатқан жолаушының бір баласын ұстап алып жұлқылай бастаған. Бұл жағдайға тағы да өзге жолаушылар араласып, баланы босатып алған.

"Автобус жүргізушісі болса, кондукторға қой деудің орнына "тегін жүретіндер басқа бәле болдыңдар" деді. Жас балалар мен зейнеткерлер үшін мемлекет ақы төлеп отыр. Автобуста тегін жүру - біздің құқығымыз. Ол үшін бізді ұрып-соғуға ешкімнің қақысы жоқ" дейді ызаға булыққан Тамара Тыщенко.

Зейнеткердің жолаушы тасымалдаушы мекеменің басшылығына арыздануына мүмкіндігі болмаған. Ал басылымның болған жайға қатысты сауалына мекеме директоры Әбдіжалі Тәжімұратов "жүргізуші мен кондуктордың іс-әрекетін тәртіптік комиссия қарап шығып, кінәлілерге қатысты тәртіптік шара қолданды" деп жауап берген.

Поделиться
+1