Челах түрмеде денсаулығының нашарлағанын айтты

Өмір бойы жаза өтеуге сотталған Владислав Челах түрмеде денсаулығының нашарлағанын айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz оның анасы Светлана Ващенко хабарлады.

27 маусым күні Челах анасымен кездескен. Кездесу үш сағатқа созылды. "Негізінен, ол жағдайымызды сұрады. Өзі туралы аз әңгімеледі. Қатты жүдеген, аппақ. Бүйректерінің қатты ауырып жүргенін айтты", - дейді Ващенко. Оның сөзіне қарағанда, дәрігерлер Челахтың денсаулығын тексеріп, бүйректерінде құм бар екенін анықтаған, бірақ ешқандай ем белгілемеген.

Ващенко бұл жайтты назардан тыс қалдырғысы келмейді, ұлының денсаулығы нашарлағанын айтып, үкіметке шағым түсірмек. Ал кездесуден соң ол ұлына хаттардың дұрыс жеткізілмейтінін айтып, прокуратураға өтініш жолдаған. "Хаттарды оған әдейі жеткізбейтін сияқты. Достарынан хат ала алмайды, бізідң хаттарымыздың өзі сирек барады. Одан да хаттар келмейді, осы уақытқа дейін тек екеуі ғана жетті. Ал ол хатты жиі жазамын деп отыр. Не мақсатпен бұлай жасалып жатқаны түсініксіз", - дейді Ващенко.

Ващенконың айтуынша, Челах одан адвокат Сәрсеновтің БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жазған шағымын әкеліп беруді сұраған. Құжаттардың бәрі дайын, жуық арада олар БҰҰ-ға жөнелтіледі. Айта кетейік, бұл - сотталғанның соңғы мүмкіндігі, дегенмен халықаралық ұйымның шешімі тек кеңес берумен шектелетіні белгілі. Адвокат Сәрсенов сот "Арқанкерген" бекетіндегі шекарашылар мен орманшының өліміне қатысты істі қайта қарайды деп үміттенеді. Бұл оқиға 2012 жылдың мамыр айында болған еді, ал Челахқа сол жылдың желтоқсанында үкім шығарылды.

Еске сала кетейік, шекарашы Владислав Челах Қостанай облысындағы түзеу мекемесінде жаза өтеп жатыр. Жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары бұл мекемеде сотталғандарға жұмыс істеп, ақша табуға жағдай жасалғанын айтты. Сот Челахты марқұм болған шекарашылардың отбасына 25 млн теңге төлеуге міндеттеген болатын. Бірақ, Ващенконың айтуынша, оның ұлы өзін кінәлі деп есептемейтіндіктен, колонияда жұмыс істеуге ниет танытып отырған жоқ.

Поделиться
+1