Қазақстанға шегірткелер үйірімен Ресейден келіп жатыр - АШМ

Қазақстандық өсімдіктерді қорғау қызметінің мамандары Ресей аумағынан үйірлі шегірткелердің (итальяндық прус) ұшып-қонуын анықтады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлады ҚазАқпарат..
Министрліктің мәліметіне қарағанда, 2014 жылдың маусым айының соңынан шілде айының басында Ресейдің Орынбор облысының шекаралас Светлинский, Ясенский, Домбровский аудандарынан Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданының аумағына және Қостанай облысының Қамысты ауданының аумағына шегірткелердің ұшып-қонуы байқалған. Сонымен қатар, Челябі облысының Варна ауданының тұсынан Қазақстан аумағына шегіртке тектес зиянкестердің өтуі фактілері тіркелген.

«Қазақстанда жиі таралуға бейім шегірткелер түрлеріне келсек, бізде Азия шегірткесі - Алматы облысының Балқаш өңірінде, Атырау облыстарында, Қостанай облыстарында жиі кездеседі. Сол секілді Марокко шегірткесі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бар. Ал итальяндық прус шегірткесі Қазақстанның барлық аумағына таралып, көбею қабілетіні ие. Сонымен қатар, шегірткенің дәл осы түрі еліміздің климатына ұқсайтын Ресейдің Челябі, Орынбор, Саратов, Волгоград пен Астрахань облыстарында, Дағыстан аймақтарында жиі кездеседі», - дейді Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов. Оның айтуынша, итальяндық прус шегірткесі қолайлы ауа райында тез көбейеді.

«2014 жылы біз 4 млн. 270 мың гектарды шегірткеден өңдеуді жоспарлаған болатынбыз. Бұған республикалық бюджеттен 2 млрд. 900 млн. теңге бөлініп, оған барлық қажетті препараттар сатып алынып, арнайы техникалармен өңдеу жұмыстары жүзеге асады», - дейді С. Қасенов.

Поделиться
+1