Бір адам көз жұмған апатты жағдайға кінәлі азамат шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш мәселеге қатысты қылмыстық істі Павлодар аудандық соты қарастырды. Қайғылы оқиға Омбы-Майқапшағай бағытындағы жолда, нақтырақ айтсақ, Чернорецк ауылына жақын маңда орын алды. Shaanxi маркалы автомобиль жүргізушісі қарсы жол бағытына шығып, жол ережесін бұзған. Ол ол ма, бұдан кейін қарама-қарсы шыққан Ниссан көлігіне жол бермеген. Нәтижесінде екі темір тұлпар қақтығысып, Ниссан көлігінің тізгінінде болған азамат көз жұмды. Сот отырысы барысында күдікті кінәсін мойындады. Сот шешімі бойынша ол 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Осы уақыт аралығында азамат жүргізугі куәлігінен айырылып, машина рөліне отырмайтын болды.