Көкшетауда жүздеген тұрғынның жерін қала әкімі қайта тартып алды

Көкшетауда баспана тұрғызу үшін кезінде әкімдіктен 10 сотық жерден меншіктеп алған 70 адамның жер телімі заңсыз деп танылды.

Олардың көбіне енді салған үйлерін бұзуға тура келеді деп хабарлайды КТК арнасы.

"Бір әкім береді, бір әкім алады. Біздің Көкшетауда жылда біреуі ауысады", - дейді жергілікті тұрғындар.

Жер телімін қайтарыңдар дегенді естіген жұрт өре түрегелді. Оны кезінде әкімдікте құрылған арнайы комиссияның өзі беріпті. Там тұрғызып жатқандардың көбі тіпті құрылыс материалдары үшін несие де алып үлгерген.

Қолдағы құжатқа сеніп, жанталаса жұмысқа кірісіпті. Бірақ, аяқасты прокуратура жер кезексіз берілген деп тапқан. Қазір сол кездегі шенеуніктің бірде біреуі жоқ. Көкшетаудың әкімі де, атқосшысы да ауысып кеткен.

Жұрт енді кімнен теңдік сұрарын білмей отыр.

"Жер алғаннан кейін біз жәй барып өз бетімізбен салған жоқпыз. Әрбіріміз барып Цон-нан қағаз алдық. Архитектормен қолы бар қағазда. Жобасын да сызып берді. Бәріне, бәріне қаражат кетті. Біз ауқатты адамдар емеспіз. Біз оны несие алып салдық", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Айнагүл Жарова.

Поделиться
+1