Алматыдағы Көк базар маңында сауда ғимараты отқа оранды

Алматыда Көк базар маңындағы Пушкин мен Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан бір қабатты сауда ғимаратынан өрт шықты.

Алматы қалалық өртке қарсы қызметінің хабарлауынша, өрттің аумағы алдын ала деректер бойынша 280 шаршы метрді құраған.

Сауда ғимаратында орналасқан 1 азық-түлік дүкені, 2 шаштараз, 1 донер, 1 дәмхана , 1 самсахана, 1 ұсталған киімдер (секонд-хенд) дүкені және бір ет павильоны толығымен өртеніп кеткен.

Өрт туралы алғашқы хабар өрт сөндіру қызметінің кезекші бөліміне күндізгі сағат 13:47-де келіп түсіпті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 13:54 минутта келіп жеткен. Сағат 14:20-да өрт ауыздықталды. Ал 16 сағат 10 минутта сөндірілді. Тілсіз жауды жоюға 8 негізгі техника, 2 арнайы техника 35 адам жұмылдырылған.

Куәгерлердің айтуынша, өрт ет павильонының үстінен, шатыр мен ғимарат төбесінің арасынан шыққан. Алдын ала болжам бойынша осы жердегі электр сымдары ыстықтан сыртқы оқшаулағыш қабаттары еріп, тұйықталып кеткен болса керек. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Және өрт осы ғимаратқа жанаса орналасқан (ара қашықтығы 1 метрден сәл астам) көрші ғимаратқа өтіп кетпеген. Адамдар жанқиярлықпен әрекет жасап, сауда орнындағы барлық газ баллондарын сыртқа шығарып үлгерген.

"Өрт аяқ астынан орын алды. Шатыр жақтан шықты. Әне-міне дегенше бүкіл ғимаратқа тарады. Біз тек азын-аулық ет өнімдерін қолымызға ұстай сала сыртқа шығып үлгердік. Павильон толығымен жанып кетті. Үлкен шығынға ұшырап отырмыз. Оның көлемі бір миллион теңгеден кем емес", - деді ет павильонының сатушысы Серік.

Ұсталған киімдер дүкенінің иесі Жанар да өзінің күйзелісін жасырмады.

"Мен де басқа кәсіпкерлер секілді осы ғимараттың бір бұрышын жалдап отырмын. Барлық заттарым, тауарларым түгелге жуық жанып кетті. Кем дегенде 600 000 теңге шығын көріп отырмын" - деді ол өз сөзінде.

Бір қабатты сауда ғимаратының сақтандырылған-сақтандырылмағаны әзірге белгісіз.Өрттің шығу салдары, келтірілген шығындар анықталу үстінде.

Поделиться
+1