Бала өліміне себепкер болған дәрігер 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды

Железин аудандық соты медициналық қызметкер міндеттеріне қайшы келетін әрекеттерге бой алдырған азаматшаға қатысты қылмысты істі қарады деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға өткен жылдың желтоқсан айында орын алған болатын. Ата-ана үш күн бойы лоқсыған қызын Железин аудандық ауруханасына әкеліп, медициналық көмекке жүгінген. Ақ желеңді қыздың асқазанын шаю туралы шешім қабылдаған. Дегенмен сараптама нәтижесінде организмге құйылып шығарылған сұйықтық көлеміне қатысты ереже бұзылғаны анықталды. Аталмыш медициналық шарадан кейін баланың сіңірі тартылып, жан сақтау төсегінен бір-ақ шыққан. Комаға түсіп, үстіміздегі жылғы қаңтарда көз жұмды. Сарапшылар маманның бұл әрекеті медициналық қателік болғанын дәлелдеген. Асқазан кәсіби деңгейде тазартылмапты. 
Сот шешімі бойынша медицина қызметкерінің кінәсі жартылай мойындалды. Өйткені қыз ауруханаға нашар күйде және кеш жеткізілген. Сот қорытындысы бойынша ол шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі жыл бойы медицина саласында қызмет ету құқығынан айырылды. Сот үкімі заң күшіне енген жоқ.

Поделиться
+1