Мас күйде итін қыдыртқан павлодарлықтың басы пәлеге қалды

Павлодар қалалық ішкі істер басқармасы бастығы орынбасарының міндетін ақтарушы, полиция майоры Ғалым Сарғұлов өмірін тәуекелге тігіп, қарулы азаматты құрықтады деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға академик Ә. Марғұлан және М. Горький көшелері маңында орын алды. Ғ. Сарғұлов қару атысы дыбыстарын естіп, М. Горький көшесі бойындағы үйдің қасында 3 азаматты көрген. Кейін олардың біреуі қашып құтылмақшы болған азаматқа оқ жаудырған. Полиция қызметкерін көрген үш жігіт көлікке отырып, іздерін жалтыратпақшы болған. Ғ. Сарғұлов шапшандық танытып, әлгі машинаны тоқтатуға күш салады. Кейін әріптестерін көмекке шақырып, күдіктілерді ұстайды.
Оқиға орнына келген жедел топ қызметкерлері итін қыдыртуға шыққан 37 жасар павлодарлық 19 жасар жасөспіріммен жанжалдасып қалғанын анықтады. Осы кезде мас азамат қолындағы «ниндзя» кәдесыйлық қылышымен жүріп, адам өміріне қауіпті іс-әрекеттер жасаған. Ол жас азаматтардың ескертуіне құлақ аспаған. Бұл жігіттердің ашуына тиген болу керек, олардың біреуі травматикалық тапанша алып шығып, оқ жаудырған. Итін қыдыртамын деп, басы пәлеге қалған павлодарлық қашып құтылмақшы болады. Ал машинаға отырған жігіттердің бірі қарудан ата берген. Зардап шеккен азаматтың екі иығы, арқасы мен буыны жарақаттанып ауруханаға жеткізілді. Алғашқы медициналық көмек алған соң үйіне оралды. 
Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш факт бойынша қылмысты іс қозғалды. Заңсыз әрекетке барған азаматтан «Гранд пауэр» травматикалық тапаншасы тәркіленді. Қару оның атына тіркелген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция майорына адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін сыйақы табысталды.

Поделиться
+1