Қатты жел Ақсудағы балабақшаның шатырын жұлып әкеткен

Қатты жел салдарынан Ақсу қаласындағы № 24 балабақшаның шатыры ұшып кеткен деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Бір қызығы, көпқабатты білім беру мекемесінің әкімшілігі оқыс оқиға туралы энергетиктер шаһарындағы төтенше жағдайлар бөліміне хабарламаған. Тексеріс нәтижесінде Ленин көшесінде орналасқан ғимарат төбесінің 350 шаршы метр аумақтағы қатты жабындысы ұшып кеткені анықталды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
2006 жылдан 2013 жылға дейін аталмыш әлеуметтік нысанның бұл бөлігі «Балаларға арналған баспана» мемлекеттік мекемесі иелігінде болған. Биылғы жылға дейін аталмыш нысан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатқан. Алайда жобалық-сметалық құжаттама негізінде төбе жабындысын жөндеу қарастырылмаған. Ал екінші бөлігі бүгінгі күнге дейін Ақсу қаласының № 24 балабақшасы ретінде пайдалануда. 
Павлодар гидрометрологиялық орталығының мәліметінше, осы уақытта Ақсу қаласында солтүстіктен соққан желдің жылдамдығы секундына 13 метрді құраған.

Поделиться
+1