Сот журналдың биылғы сәуір айындағы Адольф Гитлерге арналған тиражын тәркілеуді ұйғарған.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күнгі сотта судья Алыбаев "сараптама орталығы маман жоқтығын айтқанын" жеткізіп, бұған дейін дүйсенбі күні өзі тағайындаған сот-филиологиялық сараптамасы өткізілмейтінін хабарлаған.
30 шілде күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Дастан Алыбаев "Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға 15 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 27 мың теңге (шамамен 150 доллар), ал басылым құрылтайшысына – 70 АЕК көлемінде (129 мың теңге, немесе 700 доллар) айыппұл салуға шешім шығарды.
Бұдан соң тараптардың жарыссөзі өтпей, судья іс бойынша шығарған шешімін жариялаған. Бұған дейінгі шығарылған сот-филологиялық сараптама қортындысында Адольф Гитлерге қатысты журнал мақалаларында "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты қоздыру белгілері жоқтығы" айтылып, бірақ сараптаманың жалғасында "Адольф Гитлер фашист емес" дейтін мақалада "экстремизмді ақтау белгілері бар" деп көрсетілген еді.
Осыған байланысты басылым редакторы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сәуір айындағы нөмірінде Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалар жариялаған соң дауға қалған "Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам" журналы редакторы Жарылқап Қалыбайды маусымның соңында Алмалы аудандық соты оның үстінен шағымданған 13 адамға жиыны 13 миллион теңге (71 мың доллар) төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген.
Мамыр айында Алматының әкімшілік соты қалалық әкімдіктің талабы бойынша, "тіркеу деректерін көрсетпегені үшін" басылым редакторына 222 мың теңге (шамамен 1200 АҚШ доллары) айыппұл салған.