Жас болса да, бас отбасы

Елімізде екінші рет аталып өткен отбасы күні біздің аудандағы жас отбасылардың есінде ұмытылмастай  сақталатын болды. Бұл мерекеге орай Красноармейка Мәдениет үйінде ұйымдастырылған жас отбасылар байқауында Красноармейка, Чернорецк, Григорьевка, Мичурино және Заңғар ауылдық округтерінен қатысқан жанұялар өнер көрсетті. Бұл отбасылар төзімділік пен сыйластықтың сыны болған отбасылық өмірде үнемі бірлік жеңетінін дәлелдей білді.

Мәдениет және ішкі саясат бөлімдерінің бірлесіп ұйымдастырған шарасына алдымен он отбасы қатыспақ болып еді. Дегенмен, Черноярка, Ольгинка, Кеңес сияқты алыстағы ауылдар мен Шақат пен Рождественка сияқты Красноармейканың іргесіндегі ауылдардан сайысқа келуге көлік табылмады ма, әлде ұйымдастырушылардың жұмысы салғырт болды ма, әйтеуір, бұл округтерден қатысушылар келген жоқ. Сол сияқты Заря, Ефремовка және Луганск ауылдарынан қатысуға ниет білдірген бірде-бір жас отбасы табылмағаны ойландырады. Әр округтің құрамында бірнеше шағын ауыл бар екені баршамызға мәлім, әсіресе әр ауылында клубы бар Заря ауылдық округі неліктен артта қалып, отбасы күнін назардан тыс қалдырғаны белгісіз.

Ал енді сайыстың өтуіне оралатын болсақ, қатысушылардың аз болуы байқаудың көңілді әрі қызықты өтуіне кедергі болмады. Красноармейка ауылдық округінен Абдінов Нұржан мен Шуақбаева Назира екі сәбиі Қайсар және Әйгеріммен өнер көрсетті. Заңғар ауылдық округінен Әбдіғаліков Саяділ мен Айжан ұлы Әділ мен қыздары Айым және Аруды тәрбиелеп отыр. 14 қыркүйекте небары  бір жасқа толған Ару әпкесі Айыммен ауылда ата-анасының жеңіспен оралуын тілеп қалған. Ал жеті жасар Әділ ата-анасына бұл жеңісті жақындатуға өз үлесін қосып, ән айтып, би билеп, сахнада өзін еркін ұстап көрермен көзайымы болды. Мичуриндік Сәрсенов Марат пен Заринаның жұбы да жас отбасылар арасында бүгінгі жастардың келбетін анық көрсетті. Тапқырлығы мен креативі қатар үйлескен бұл отбасыға қызыға әрі сүйсіне қарайсың, тек шіркін, қазақ тілін де осылай жаңа үлгіде, бүгінгі күнге сай, сәнмен үйлестіріп көрсетсе екен деген ой ғана маза бермеді. Чернорецк округінен ауданға танымал болып қалған Мегенбек Бердіхан мен Айнұр Мұраттың жұбы да жақсы өнер көрсетті. Әншілікке ауылы жақын бұл жұп, көрерменді әсем дауысымен баурап алғаны анық. Бұл өнерлі отбасыдан, әрине, көп үмітті едік. Алайда, әншілік өнерінен басқа, бұл отбасының өзге қырларын тани алмай қапы қалдық. Григорьевка ауылдық округі Набережное ауылының Кәрімжановтар отбасы Баянауыл ауданынан көшіп келген екен. Біртіндеп бұл ауылға сіңіп кетіп, қоғамдық шараларға белсене араласуда. Кәрімжанов Жасыбай бұл отбасының отағасы. Бос уақытында балық аулауды ұнатады. Отанасы Рахымбаева Марал байқауға балықты пешке пісіріп, безендіріп әкелген екен. Бұл  қатысушылар ұсынған тағамдардың ішінде ең әдемісі әрі дәмдісі болғаны анық.

Отбасылар байқау барысында өздерінің сөз саптауы, актерлік шеберлігі, тапқырлығы әрі өнері бойынша бағаланған. Красноармейкалық Назира Сәрсенбайқызы тапсырмада Нағима Есқалиеваның ән айту мәнерін шеберлікпен көрсетті. Набережныйлық Жасыбай Жаскенұлы жасырылған тапсырманы жұбайына түсіндіру үшін бір сәт Юрий Никулин болып, «Бриллиантовая рука» кинофильмінен үзінді көрсетіп берді. Ал заңғарлық Әбдіғаліков Саяділ Psy «Oppa Gangnam Style» әніне жақсы билей алатынын байқатты. Бердіхан Мегенбек пен Айнұр жұбы Мейрамбек Беспаев пен Сандуғаш Стамғазивадай ән айтуға жарайтынын танытып, махаббат туралы ән шырқады. Сарсенов Марат пен Зарина ұлдары Руслан және екі айлық Алтайырмен бірге сахнада би де биледі, ән айтып, көркемсөз де оқыды. Мичурин ауылында тұрып жатқан бұл отбасының отағасы Марат Жұмагелдіұлы барлық аудандық шараларға белсене қатысады. Сөйтсе, ағамызға жеңгеміз сай демекші, Зарина  да қоғамдық шаралардың белсендісі әрі отбасы ұйытқысы бола алады екен. Дегенмен, бұл отбасының осал тұсы - туған тіліміз екені көзге түсті. Мұндай тапқыр әрі жан-жақты жастардың мемлекеттік тілді меңгергені заманауи тәсілдер арқылы қазақ тілін жастарға үйретуге себеп болар еді.

Сөйтіп, байқаудың қорытындысына келер болсақ, бұл жолы Красноармейка ауылының Абдіновтар отбасы жеңіс тұғырынан көрінді. Туған ауылында өткен жарыста бұл отбасының жанкүйерлері де көп болды. Дегенмен, екінші орынды қанжығалаған заңғарлық Әбдіғаліковтар отбасы да еш кем емес. Жеңістің үшінші сатысы мичуриндік Сәрсеновтар отбасына бұйырды. Ал Жұмагелді Алтайыр ең жас қатысушы ретінде марапатталды. «Өнерлі отбасы»  аталымында чернорецктік Бердіхан отбасы, «Парасатты отбасы» аталымында набережныйлық Кәрімжановтар отбасы марапатталды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлық хат табысталды.

Поделиться
+1