Павлодарда шенеуніктердің шалалығы жүздеген отбасын сусыз қалдырды

Павлодарда мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алған жүзден аса отбасы жарты жылдан бері ыстық сусыз отыр. Қолжетімді баспана аясында пәтерлі болған тұрғындар қаһарлы қыста енді жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы.

Жұрт жаз бойы әкімдік табалдырығын тоздырған деп хабарлайды КТК арнасы. Алайда, жылы да жайлы баспанаға кепілдік берген шенеуніктер құрғақ уәдемен қатырыпты. 
Әсем Абылова биыл сәуір айында баспаналы болғандардың бірі. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмапты. Пәтерлері орналасқан мына жаңа үйде құрылыс кемшіліктерін былай қойғанда жарты жылдан бері тастай су ғана келіп тұр.

Қалада жылу маусымы кеше басталғанымен, бұл үйдің құбырын келіп қозғап көрген ешкім жоқ.
Жұрт жағдайын айтып, ала жаз бойы әкімдік табалдырығын тоздырған. Алайда шенділер құрғақ уәдені үйіп-төккенімен, еш шара қолданбапты.
"Жаңа үй" деген аты ғана. Ешқандай жағдай жоқ. Барлығы көз бояушылықпенен жасалған. 21-ғасырда сусыз отыру масқара емес пе? Жуынбағаннан кейін адам баласы әртүрлі ауруларға да ұшырайды. Балаларымыз үшін алаңдаймыз", - дейді тұрғын Күләнуар Қойшыбаева.

Атқамінерлер болса тұрғындардың алаңдауына себеп жоқ деп селқос отыр. Үйді салған мердігер ұйым мен өзге де мекемелермен жылу жүйесінде кеткен кемшіліктерді қайта жөндеу бойынша келісіп те қойыпты.

Ал Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ержан Асылбаев: "Бұл үйде қыста ыстық су мен жылу болды. Оны ешкім өшірген жоқ. Тек жылуды қабылдау жүйесі дұрыс берілмей келген. Сондықтан оны жылу беру маусымына дейін қайта тексеріп, жөндеуге алдық. Үлгеруге тиіспіз", - дейді.
Шенеуніктер осылайша тұрғын үйдің жертөлесіндегі жылу жүйесі құрылғыларының талапқа сай орнатылатынын жеткізді. Алдағы екі аптада тұрғындардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалады деп сөз берді. Ал әзірге жылусыз отырғандардың осы уәдеге тағы сенуден басқа амалы жоқ.

 

Поделиться
+1