Инчхонда әйелдер арасында жеңіл атлетикадан өткен жарыста Ольга Сафронова қазақстандық команда құрамында 4х100 метр эстафеталық жүгіруде күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі облыстық дене тәрибесі және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Қазақстандық спринт ханшайымының есебінде XVII Азия ойындары медальдарының толық жинағы бар. 200 метрге жүгіруде – алтын, 4х100 метр эстафетада - күміс, 100 метрлік қашықтыққа жүгіруде - қола жүлдегер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Инчхонда павлодарлық қос балуан Азия ойындарының жүлдегері атанған болатын. Еркін күрестен 125 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дәулет Шабанбай күміске ие болса, 97 келіде Мамед Ибрагимов қола жүлдеге қол жеткізді.