Железинде шаруа қожалықтары жас мамандарға баспана ұсынуға дайын

Железин ауданының тұрғындарына қызмет етуге баратын жас мамандарға жергілікті шаруа қожалықтар баспана ұсынып отыр. Бұған қоса, жеке шаруашылығын жүргізуге мал басын бөліп, негізгі жалақыға үстемақы беруге де әзір. Бұл жөнінде бүгін облыстық әкімдікте өткен брифинг барысында аудан әкімі Қабиболла Абушахманов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Қабиболла Аманұлының айтуынша, 2009 жылдан бастап биылғы жылға дейін ауданға еңбек ету үшін 43 ақ желеңді, оның ішінде 2 дәрігер-терапевт және 2 орта медициналық қызметкер келген. 39 жас маман көтермеақы, 21-і пайызсыз несие, 8-і коммуналдық баспана алған. Ал 4-уі әлеуметтік пакеттен бас тартса, қалғаны баспанаға  мұқтаж емес.   
-Қазіргі таңда ауданда 39 жас маман жұмыс істейді. Аудан бойынша медициналық кадр тапшылығы шамамен 28 пайызды құрайды. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін ауылға тарту мақсатында жоғары оқу орындарының түлектері арасында үгіт-насихат жүргізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік пакет түрінде ынталандыру қарастырылған. Айта кетерлігі, аудандағы тұрғын үйлердің 80 пайызы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, - дейді Қабиболла Аманұлы. 
Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына заманауи үлгіде жабдықталған 4 медициналық жедел  жәрдем көрсету автокөлігі бөлінген. 2014 жылдың шілде айында «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана» республикалық бағдарламасы аясында Башмачное ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Бұдан басқа, ауданда 6 жеке дәріхана, 21 дәріханалық пункт, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 30 медициналық пункт жұмыс істейді. Денсаулық сақтау жүйесінде ауысымына 100 адам қабылдайтын аудандық орталық емхана, 45 орынға шақталған тәулік бойы қызмет ететін стационар, 4 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.

Поделиться
+1