Облыс әкімі БАҚ арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттады

Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы республикалық және өңірлік деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен аймақ басшысы Қанат Бозымбаев журналистерге ақшалай сыйақы мен дипломдар табыс етті. Еске сала кетейік, «Үздік видео, аудиоматериал» аталымы бойынша бірінші орынға «Хабар» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Салауат Игіліков ие болса, «Үздік жарияланым» аталымы бойынша бірінші орын облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі Ирина Волковаға бұйырды. «Үздік ақпараттық хабарлама және ғаламтор жарияланымы» аталымы бойынша марапатталған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Вера Ливинцова бұл күні ҚР құрметті журналисі атанды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Аяғанов екінші орынды еншіледі. Сондай-ақ «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшілері де Светлана Воронова және Ақмарал Есімханова жүлделі орындарға ие болды. 
Журналистерді марапаттаған өңір басшысы БАҚ өкілдеріне облыстағы жаңалықтарды бұқараға жедел жеткізу бойынша атқаратын жұмыстарына алғысын білдірді. Бұдан басқа, облыс әкімі өтіп бара жатқан жылдың жетістіктеріне тоқталып, келер жылдың жоспарымен бөлісті. 
- Келесі жылы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға баса назар аударылады. Еске сала кетейік, жыл сайын республикалық бюджет субвенцияны 7 млрд теңгеге азайтуда. Алайда бұл барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға кедергі болмайды. Бұл мақсатта облыстық қазынадан шамамен 40 пайыз жұмсалады. Бұл жұмыстың барлығы сіздермен бірге, яғни төртінші билікпен бірлесіп атқарылады. Қоғам мен билік арасын көпір іспетті байланыстыратын да - БАҚ өкілдері, - деді Қ. Бозымбаев.

Поделиться
+1