Қанат Бозымбаев теміржол өткелдерін ретке келтіруді тапсырды

Өткен аптада бірнеше жастың өмірін қыршыннан қиған ірі жол-көлік оқиғасына байланысты Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев аппараттық кеңесте темір жол тораптарын тексеру мәселесін көтерді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Аймақ басшысы облыстық ішкі істер департаментіне «Қазақстан темір жол» АҚ-мен бірге темір жол тораптарына тексеру жүргізіп, функционалдық маңыздылығын жоғалтқан жол тораптарын жабу жөнінде ұсыныс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның аумақтық филиалдарының жол өтпелдеріне автоматты бөгет құрылғысы бар реттеуші темір жол тораптарын орнату жөнінде ұсыныс жасап, бағдаршамның тыйым салынған белгілеріне өткен көлік құралын тіркеу үшін фотоқұжаттағыш кешенін енгізуді жүктеді.
Еске сала кетейік, 15 сәуір күні "Ақсу-Дегелең" жолының 26-шақырымында Ford Transit шағын автобусы тепловозбен соқтығысқан болатын. Темір жол үстінен өтетін жерде болған жол апатынан төрт студент көз жұмған. Соқтығысу кезінде автобус ішінде барлығы он адам отырған. Автобуста болған жастар - Ақсу кәсіптік техникалық лицейінің студенттері.

Поделиться
+1