Жалған ақпараттан сақ болыңыздар!

 

Ағымдағы жылдың 21 мамыры күні «31 арна» кешкі қорытынды жаңалықта Павлодар қаласының Байдала ауылындағы бастауыш қазақ мектебі жабылады деген теріс ақпарат берді. Телеарна тілшілері Байдала мектебіне қатысты проблеманы терең зерттемеген, мәселенің мәнісіне бармаған. Павлодарда «қазақ мектебі жабылғалы жатыр» деп жар салған.

Ал, шын мәнінде, Байдала ауылындағы қазақ мектебі жабылмайды. Қалаға жақын әрі даму әлеуеті бар ауылдың мектебін жабу ақылға сыймайды! Қазақ тілді мектептер санын көбейту, олардың сапасын арттыру, балаларды қазақ тілінде тәрбиелеу бәріміз үшін зор міндет деп білеміз. Соңғы жылдары қай өңірде болмасын, жаңадан ашылатын балабақша, мектеп, оқу орындары барлығы дерлік мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер екені баршаңызға аян. Оның үстіне орыс тілді мектептері көп өңірде қазақ мектебін жабу деген үлкен ұят. Сондықтан біз қазақ мектебін жабуға ешқашан жол бермейміз.

Қазақ мектебі төңірегіндегі проблемаға қатысты Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі қалалық білім беру бөлімі, облыстың білім беру басқармасы және жауапты мемлекеттік органдардан ресми түсініктеме беруді талап етіп, мәселемен жақын танысты. Осыған байланысты облыс әкімінің баспасөз қызметі келесіні хабарлайды:

Павлодар қаласы прокуратурасы және Павлодар облысы бойынша білім беру саласын бақылау департаменті Павлодар қаласы білім беру мекемесіне қарасты бастауыш мектептерге тексеру жүргізген болатын. Осындай тексерулердің бірінде Байдала ауылының бастауыш мектебі білім беру стандарттары және лицензиялық талаптарға сәйкес келмейді деген шешім шығарған. Себебі, Байдала мектебінде арнайы кабинеттер, су жүйесі, спорт зал, асхана, жылы әжетхана болмай шыққан. Тексеріс анықтаған фактілерге байланысты құзыретті органдар (Павлодар қалалық прокуратурасы, облыс білім саласындағы бақылау департаменті) бастауыш білім берудің лицензиялық талаптарын бұзғаны үшін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау ұйымы арқылы Павлодар қалалық білім беру мемлекеттік мекемесіне айыппұл салған.

 

Ал, қалалық білім беру мекемесі проблеманы оңтайлы шешу мақсатында Байдала ауылымен көршілес үлкен елді мекен – Кенжекөл ауылында салынып жатқан жаңа мектепке Байдала ауылы оқушыларын ауыстырмақшы болған. Кенжекөл ауылында 600 орынға шақталған заманауи үлкен мектеп құрылысы жүріп жатыр. Осы ұсынысты Байдала тұрғындарына түсіндіру мақсатында құзырлы орган мамандары ауылға барып, оқушылардың ата-аналарымен жиналыс өткізген. Өкінішке қарай құзырлы орган мамандары өз ұсыныстарын (Байдала бастауыш мектебін Кенжекөл ауылындағы жаңа мектепке көшіру туралы) жұртшылыққа дұрыс түсіндіріп жеткізе алмаған.

Байдала мектебі оқушыларының ата-аналары үшін жаңа мектептің материалдық-техникалық жабдықталуын көрсетуге арнайы экскурсия ұйымдастыруды да жоспарлаған.

Алайда, жергілікті атқарушы билік ата-аналардың келісімсіз бастауыш сынып оқушыларын басқа мектепке көшіре алмайды. Байдала мектебін Кенжекөлдегі жаңа мектепке көшіру туралы соңғы шешімді ауыл тұрғындары ғана шешеді. Ал, егер Байдала ауылының тұрғындары өз бүлдіршіндерін жаңа мектепке оқытуға бергілері келсе, ондай жағдайда қала әкімдігі оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобуспен қамтамасыз ететін болады. Қала әкімдігі осы мақсатта жергілікті бюджеттен қаражат аударуды да қарастырған.

Бүгінгі таңда Байдала ауылы бастауыш мектебінде 2013-2014 оқу жылында барлығы 39 оқушы және мектепке дейінгі даярлық тобында 11 бала білім алуда. Бұл мектептің 42 жылдық бай тарихы бар. Жалпы мектептің жобалық қуаты 23 оқушыға арналған. Бүгінгі күні осы шағын комплектілі мектепте 4-ақ оқу кабинеті бар.

Қазіргі таңда Байдала мектебін жабу проблемасы күн тәртібінен түсті.

Осы мәселе әр дүйсенбі күні облыс әкімдігінде өткізілетін баспасөз мәслихатында да бірнеше рет сөз болды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі Байдала бастауыш қазақ мектебі жабылмайтынын мәлімдейді.

Алайда, осы ақпараттың байыбына бармаған, тексерілмеген факті бойынша республикалық телеарна эфирінен теріс жаңалықты баяндаған «31 арна» жаңалығын жоққа шығару болады. Осындай әрекетімен телеарна редакциясы қоғамда теріс пікір туғызды.

Осыған байланысты құрметті әріптестер, «31 арнаның» берген жалған ақпаратының еш негізі жоқ екенін мәлімдейміз. Алдағы уақытта осындай жалған ақпарат таратушы тілшілер ақпары мен редакция материалдарынан сақ болуға шақырамыз.

 

 

Поделиться
+1