Павлодар облысында тестілеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды

Павлодар облысында өткен Ұлттық Бірыңғай тестілеу сынағының алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітоваға сілтеме жасап.
Тестілеудің алғашқы күні аймақтың 1670 мектеп бітірушісі білімдерін сарапқа салды. Жауапты мемлекеттік мекеменің мәліметтеріне сүйенсек, (апелляция есебінсіз) облыс бойынша орташа балл көрсеткіші 80,35 құрады. Тестілеу барысында жоғары көрсеткішке Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің түлектері қол жеткізді. Аталмыш білім беру ошағының оқушылары жинаған орташа балл – 96,46. 
Жалпы, алғашқы күннің қорытындысы бойынша тест тапсырғандардың 328-і 100 баллдан жоғары жинаған. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша «Алтын белгіге» үміткер 97 оқушының 37-сі ғана білімдерін дәлелдеген.
Бақыт Мақанқызының айтуынша, бұл көрсеткіштер апелляция беруден кейін өзгеруі мүмкін. Апелляция беру үрдісі бүгін сағат 13.00-де басталады.

Поделиться
+1