Қазақстандық компания жеті Superjet 100 ұшағын сатып алады

Қазақстандық BEK AIR әуе компаниясы "Гражданские самолеты Сухого" ЖАҚ-мен жеті Sukhoi Superjet 100 жолаушылар ұшағын жеткізу жөнінде келісімге қол қойды.

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне жабық акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлыбританияның Фарнборо қаласындағы халықаралық әуесалонында қол қойылған келісім 103 жолаушыға арналған, қашықтығы ұзартылған ұшақтарды жеткізуді қарастырады.

Үш әуе көлігі 2015 жылы және 2016 жылы тағы төрт ұшақ сатып алынбақ. BEK AIR әуе компаниясы 1999 жылы VIP-рейстер орындау мақсатымен құрылған.

Бүгінде әуетасымалдаушы ішкі 14 бағыт бойынша рейстерді орындайды, жылына 500 мың жолаушыға дейін тасымалдайды.

Компания келешекте бағыттарының желісін кеңейтуді, Ресейге, Азия мен Таяу Шығыс елдеріне әуе қатынастарын ашуды жоспарлап отыр.

Sukhoi Superjet 100 - 100 орындық жолаушылар ұшағы алғашқы рет 2011 жылы пайдалануға берілді.

Поделиться
+1