Станислав Куржейді өлтірген қылмыскер құрбанның отбасысымен таныс болған - С. Құсетов

Социалистік еңбек ері 90 жасар Станислав Куржейдің өліміне қатысты істі тергеудің барысы жөнінде бүгін облыстық әкімдікте өткен брифинг барысында облыстық ІІД-нің бастығы, генерал-майор Сұлтан Құсетов айтып берді деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. 
Еске сала кетейік, 13 маусым күні Екібастұз қаласында белгілі кенші өз үйінде өлтірілген болатын. Бұл қылмысқа қатысты күдіктіні полиция 50 минут өткен соң құрықтады. Үш жас жігіт ұрланған «Хонда» автокөлігінде жасырынып қалмақ болған. Алайда бұл іске қатысын мойындаған олардың біреуінен ақша мен марқұмның сағаты тәркіленді. 
- 23 жасар жігіт қаланың құрметті азаматын біреудің тапсырмасымен өлітіріп кетті деген жорамал жоққа шығарылды, - дейді С. Құсетов. 
Полицияның соңғы нұсқасы бойынша күдікті қылмысты жалғыз өзі жасаған. 
- Жас жігіт бұрын тонау ісі үшін сотталған. Оны жанындағы сыбайласы полицияға ұстап берді. Сондықтан қылмыскер оны серіктес ретінде көрсету арқылы кек қайтаруға тырысқан, - дейді ІІД-нің бастығы. 
Сонымен қатар ол күдіктінің Станислав Куржейдің отбасысымен араласып, оның ұлымен таныс болғанын айтқан. Қаскүнем еңбек ерінің үйіне ұрлық жасау үшін терезе арқылы кірген. Қылмысқа куә болған үй иесі оны танып, полицияға тапсыруы мүмкін болғандықтан ұры қылмысқа барған. 
Сұлтан Құсетовтің айтуынша, тергеу аяқталуға жақын. 
- Бұл оқиғаға қатысты іс сотқа келесі айда жіберіледі. Қылмысқа қатысы барлар тиісті жазасын алады, – деді генерал-майор.

Поделиться
+1