Өзі шекер, сөзі бал ...

Қазақ қыздары қашанда сұлу да һәм ару келеді. Бұл сөзімізді тарихтың сан дәуірі мойындап кеткен. Кешегі көркіне күн тамсанып, ақ дидарына ай үңілген қыз Жебектеріміз, Еңілік пен Баяндар, Ақжүніс пен Ләйлілер, айта берсе тізіліп кете береді... Себебі қазақтың әрбір қызы әдемі...

Аяулы аруларымыздың сіңілілері бүгінде сұлулығымен әлемді таң қалдырауда. Солардың бірі - Сабина Алтынбекова.

19 жасқа дейінгі волейболшылар арасында Тайпейде өтіп жатқан Азия чемпионатында әуелі қытай жұртшылығын тәнті еткен қазақ қызы турнирдің ең сұлу спортшысы атанды. Кейіннен Сабинаның сұлулығынан басы айналған шетелдік БАҚ өкілдері жерлесіміз жайында жарыса жаза бастады.

Әлеуметтік желідегілердің басты тақырыбына айналған С.Алтынбекова мұндай жағдайды күтпегенін, әрі өзі де таң қалып отырғанын жасырмады. 

Бүгінде интернеттің жұлдызына айналған қызымыздың жакүйерлері Сабинаның атынан әр түрлі желілерде теркеліп (Facebook, Instagram, Twitter), жалған парақшаларын ашуда. Сабина өз кезегінде осы үшін өкпелі екендігін айта кетті.

Айналдырған төрт күннің ішінде инстаграм желісіндегі Сабинаның жанкүйерлері 300 ден 170 мыңға жеткен.

Әуелі жерлесімізді «Азия біріншілігіндегі ең сұлу воллейболшы» деп атаған-шетелдік «Дaily Mail» басылымы екен. Ал шетелдік 9gag.com сайтындағы Сабина Алтынбекованың жарияланымы мен фотосуреті 300 000 пікір жинаған. Қолданушылар Сабинаның табиғи сұлулығы мен жапондық анимация кейіпкерлеріне ұқсайтындығын айтқан. Ал украиндық ua.tribuna.com порталы қазақ қызының Тайпейдегі жарыстағы фотосуреттерін ғаламторға жариялап: «Қазақ қызы Сабина Алтынбекова – ең жас, сұлу спортшы», – деп мойындап, мақала жазған. Ал индонезиялық bandung.bisnis.com порталы: «Сабина Алтынбекованың суреттері – түрлі БАҚ-тың нағыз вирусы», – деп жар салды.

Бір-ақ күнде ғаламтор жұлдызына айналған Сабинаның сөзіне қарасақ, ол үшін атақ пен даңқ, әйгілілік мақсат емес, елінің ертеңгі спортының болашағын әлемдік сындардан биіктетіп, елінің атын шығаруды ғана ойлайды екен. Әрқашан да жұлдыз емес, қарапайым қазақтың қызы болу басты мақсаты.

Сабинаға қазіргі таңда түрлі модельдік агенттіктер ұсыныс білдіруде, бірақ олардың барлығына: «Мен сән агенттіктерінде жұмыс істеуге қарсымын. Мен спортты таңдадым», – деп жауап берген. Ал сұлу бикештің анасы Нұрипа Әмірова: «Модель болуға ұсыныстар түсіп жатқанын білеміз, алайда біз ата-анасы ретінде қарсымыз, ол қаршадайынан спортты таңдады. Ол сол жолда қызмет етеді», – дейді. Ал Сабинаның жаттықтырушысы Нұрлан Садықов болса, бұл атақтылыққа аса қуанышты емес екенін: «Сабина Алтынбекова – еңбекқор спортшы, өте қарапайым. Бірақ бұл атақтылығы оның спорттық карьерасына сызат түсіреді деп ойламаймын. Бірақ командаға әсер етуі мүмкін», – деп қазақ қызының спорттық карьерасының жалғасуын тілейді. Лайым, біз де соны тілейік.

Қазақтың ару қызы сән модельдері мен жарнама агенттіктерінде жүргенше, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрсін демекпіз. Әлем елі қазақтың сұлулығына тамсанып, «Борат» фильміндегі кейіпкерлер қазақ қыздары еместігіне көзі жетер бәлкім...

 

Поделиться
+1