Ақмола облысының Степногор қаласындағы дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернаттан шу шықты. Онда оқитын 17 жастағы бозбала төртінші қабаттан секіріп кеткен деп хабарлайды 7 арна.
17 жастағы Вильгельм Лангольф 25 мамыр күні 4-қабаттан құлаған. Дәрігерлердің айтуынша, сынбаған сүйегі қалмаған сыңайлы. Комада ұзақ жатқан. Дегенмен, бертінде есін жиып, беті бері қарапты. Қазір ата-анасы мен туыстары келіп, тамақтандырып тұрады.
"Вельгелм Лангольф бізге 25 мамыр күні аса ауыр жағдайда түсті. Ол тым жоғарыдан құлаған. Жарақаттары көп. Бас сүйегі зақымданған, жақ сүйегі сынған, миы шайқалған, жамбас сүйегі сынған", - дейді Степногор қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Виктор Марков.
Оқу ордасының басшылығы болса, бұл жағдайға оқушылардың өздері де кінәлі болуы мүмкін дегенді айтады.
"Сол күні балалар мектепке мас күйінде келген. Тәрбиешілердің берген түсініктемесі осындай. Яғни, ұстаздардың айтуынша, балалар ішімдік ішіп келген", - дейді спорттық мектеп-интернаттың директоры Тұрсынбай Тоққожинов.
Оқиғаның себеп-салдарын түсіне алмай дал болып жүрген Вильгельмнің әжесі Галина Шлейннің айтуынша, балалар сол күні жаппай төбелескен.
"Балалар төбелесіп жатқанда тәрбиешілер қайда қарап тұрған. Олардың бөлмесі тәрбиеленушілердің бөлмесіне етене жақын орналасқан. Сонда олар тәртіпті қадағаламай қайда қараған. Менің пайымдауынша, баламды ұрған, сосын терезеден лақтырып жіберген", - деген болжамымен бөлісті Вильгельм Лангольфтің әжесі Галина Шлейн.
Қалалық Ішкі істер басқармасындағылар осы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Полицейлер 25 мамыр күні болған оқиғаның ақ-қарасын әлі күнге анықтау үстіндеміз деп мәлімдеді.
Жасөспірім бұл мектеп-интернатқа осыдан екі жыл бұрын қабылданыпты. Ауыр атлектикамен шұғылданып, биік асуларды бағындыруды армандаған. "Алайда, оның болашағы бүгінде бұлыңғыр болып тұр", - дейді туыстары.
Ата-анасы баламды осындай күйге түсірген кінәлілер анықталып, тиісті жазасын тартсын деп отыр.
