Суданда мұнай кен орны ауданында кланаралық қақтығыстың салдарынан бір күнде 150 адам қаза тапты. Бұған қоса 100 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС «Судан медиа-орталығы» ұйымына сілтеме жасап.
Оқиға Батыс Кордофанда орын алған. Бұл жер табиғи ресурстар үшін қақтығыстар жүріп жатқан Дарфур провинциясымен шекаралас жатыр. Судан билігінің мәліметіне қарағанда, қарулы қақтығыс көрші аймақтарда да болған.
2003 жылдан бастап Дарфутта осындай қақтығыстардың салдарынан 300 мыңдай адам опат болды, босқындар қатары 3 млн адамға жетті.
Бұл ауданда диқаншылықпен айналысатын байырғы африкалық халықтан құралған бірнеше топ мал, жер мен суды басып алып жатқан көшпенді арабтардан құралған «джанджавид» қарулы жасағынан африкалықтарды қорғауды талап етуде.
