Шымкентте әділет департаменті бастығы орынбасарының қызметтік көлігіне қатысты үлкен дау туды. Зардап шегушілердің айтуынша, оның жүргізушісі мас күйінде бес адамды қағып кеткен. Сондай-ақ ауруханаға түскен науқастардан ешкім кешірім сұрап келмепті.
Тойдан қайтқан такси жолаушылары аурухана төсегіне таңылып қалды. Айтуларынша, сол күні түнгі сағат 1-ге таяу жеңіл автокөлік жүйткіп келіп, таксиді соққан. Одан кейін тағы бір автокөлікке зақым келтірген екен.
"Сағат 12- жарымда өкіметтің машинасы менің қызымды, мені қағып кетеді. Мен көп балалы анамын. Қызымды қағу үшін туған жоқпын. Ішіп алып, жол үстінде. Тағы қашып кетеді. Қызымның жарақаты өте ауыр. Басынан зақым алған, аяқ, қолы, бұғанасы сынған. Өзімнің 4 қабырғам сынған. Бел омыртқа жылжыған. Мойныма зақым келген және басым", - дейді жәбірленуші Бибайша Мәлікова.
Басқа жәбірленушінің жолдасы Ербол Нұрсейітов: "Әділет департаменті орынбасарының машинасы. Қызметтік көлік. Мемлекеттік нөмірі 080. Жүргізішісі мас, соққан жерінде қашып кеткен. Бам аумағындағы бір көшеде машинаны тастап кеткен. Қасындағы орыс жолдас баласын да сол жерде тастап кеткен. Қолы сынып, ол машинада қалып кеткен", - дейді.
Алайда облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары бұл апатқа қатысты жауап беруден бас тартты. Есесіне ішкі істер департаментінің қызметкерлері жол апатына себепші болған қызметтік көлікті сол кезде кімнің басқарғанын араға тәулік салып, тауып алыпты.
"Осыған байланысты бір тәуліктің ішінде Шкода автокөлігінің тұлғасы анықталды. Ол 1985 ж.т. Шымкент қаласының тұрғыны. Қалада орналасқан мекемелердің бірінде жүргізуші болып қызмет атқарады", - деген түсінік берді облыстық ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Полицейлер енді қызметтік көліктің түн ортасында неліктен тайраңдап жүргенін анықтап жатыр. Ал жүргізушінің ішімдік ішкен-ішпегендігі сараптама қорытындысынан кейін нақты белгілі болмақ. Полицейлер бұл оқиғаға қатысты екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғап үлгерді.