Чилиде қарақшылар инкассаторлар көлігіне шабуыл жасап, 11 млн. доллар көлемінде ақшаны тонап кетті, деп жазады ИТАР-ТАСС жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Чили тарихындағы ең ірі ақша тонау оқиғасы бүгін Сантьяго әуежайында болған. Қылмыскерлер әуежайдың рұқсат арқылы ғана кіретін жүк тиеу аймағына қарау-жарақпен кіріп, инкассарторлар ұшақ бортына ақша тиегелі жатқанда шабуылдаған.
Дереу із суытқан олар жолға шеге төсеніштерін лақтырып, соңына түскен қуғыншыларды адастырып кеткен. Жеке фирмаға жататын инкассаторлар әуежай талаптары бойынша жүк айлағына қарусыз кіргендіктен, қарсылық таныта алмаған. Ұрылардың қару жарақтары ғана емес, сол аймаққа кіретін арнайы рұқсат қағаздары да болған. Осыған байланысты елдің Ішкі істер министрі Родриго Пеньяйлильо бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті болуы мүмкін деп мәлімдеме жасады.
Полиция тергеу амалдары мен іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.