КазТаг ақпараттық агенттігі еліміздің солтүстік аймақтарында орналасқан энергожылыту компаниялары Ресейдің бақылауына өту мүмкіндігі жайлы ақпарат таратты. Құпия дереккөзге сілтеме жасай отырып жарияланған мәліметке сәйкес ресейліктер ірі фирмаларды өз қарамағына қосуға мүдделі. Олардың қатарында өңіріміздегі «Павлодарэнерго» АҚ да бар, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Айта кетерлігі, бұл аймақтың энергиялық қауіпсіздігіне байланысты өзекті мәселе болып табылады. Ақпараттың шындығын анықтау мақсатында pavlodarnews.kz тілшісі «Павлодарэнерго» АҚ-на хабарласқан еді. Дегенмен мардымды жауап қайтарылмады.
- Аталмыш мәселеге қатысты ешқандай ақпарат жоқ, сондықтан түсініктеме бере алмаймыз, - деп мәлімдеді аталмыш кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Асқар Шөмшеков.
Бұл жерде басты назар Павлодар және Петропавл аймақтарындағы электр және жыл өндіру компанияларына аударылады. Тарқатып айтар болсақ, олардың қатарында «Орталық Азия жылу энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның құрамына енетін «Солтүстікқазэнерго», «Павлодарэнерго» АҚ-лары және «Астанаэнергожеткізу» ЖШС ресейлік компания қарамағына өтуі мүмкін. БАҚ материалдарына жүгінсек, қазіргі таңда Ресей тарапынан бірқатар ірі компанияны сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Облыстағы ірі кәсіпорын «Павлодарэнерго» АҚ-ның жалғыз акционері «Орталық Азия жылу энергетикалық корпорациясы» АҚ өкілдерінің пікірінше, бұл - бәсекелес ұйымдардың қасақана жасаған ісі. Айта кетер жайт, қазіргі таңда елімізде маңыздылығы жоғары құрылыс нысандары бой көтермек. Мәселен, Астана қаласында жылу электр станциясының құрылысы жүргізілмек. Сарапшылардың пікірінше, қазірдің өзінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, экономикалық қызығушылық танытқандар аз емес.