Петропавлда жеке сектордағы үйлердің бірінде болған өрттен үш және бес жастағы екі бала мерт болды. Бұл туралы аймақтың Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
"Пугачев көшесінің бойындағы тұрғын үйде екі бала қаза болды. Шақыру түскен жерге келген бірінші өрт сөндіру бөлімі аталған мекен-жайдағы үйде жеке мүлік пен шағын аумақтағы киім-кешектің өртенгенін анықтап, ТЖ орнынан 2009 және 2011 жылы туған екі баланың мәйіттерін тапқан", - деп жазылған хабарламада.
Қайғылы оқиғаның орын алуына анасының балаларын қараусыз қалдыруы себеп болған. Анасы 1,5 сағатқа жуық жұмыста болған.
Сол кезде балалары отпен ойнап, оның арты үйдегі мүліктердің өртенуіне әкеліп, ақыр соңында балалар түтінге уланып қалған.
Барлығы жыл басынан бері Петропавл аумағында 198 өрт оқиғасы орын алды. Одан келген материалдық шығын 39 млн. теңгеден асты. Тілсіз жаудан 15 адам қаза болды, оның төртеуі - балалар.
