Павлодар ауданындағы 38 елді мекеннің 11-і ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Бұл туралы аталмыш өңірдің әкімі Нұрлан Әутәліпов облыстық әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Ауызсу мәселесі біртіндеп шешімін табуда. 2020 жылға дейін 25 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтауды қамтамасыз ету жоспарланған. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жеті ауылда, атап айтқанда Богдановка, Бірлік, Қаракөл, Заңғар, Шақат, Пресное, Чернорецк ауылдарында жер асты су қорларын зерттеу жұмысы іске асырылуда. Екі ауылда Набережное, Новоямышев ауылдарында іздену-барлау жұмыстары жүргізілуде, - дейді ол.
Үстіміздегі жылы 11 ауылда зерттеу-барлау жұмыстары басталды, ал осы елді мекендер бойынша су қорларын анықтау 2015 жылға дейін аяқтау күтілуде. Сонымен қатар ауданның төрт ауылы бойынша барлау жұмыстарын жүргізу келесі жылға жоспарлануда.
Айта кетерлігі, биылғы жылы Бірлік, Богдановка, Қаракөл елді мекендерінде су құбырларын жүргізу жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. 2015 жылы осы жобаларды іске асыру жоспарланған. Берілген объектілерді пайдалануға енгізу нәтижесінде сумен жабдықтау 26 %-ға артпақ. Аудан әкімінің сөзінше,келесі жылы Набережное, Новоямышево және Заңғар ауылдарында су құбырларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.