Астанада генерал Жоламановқа қатысты сот басталды. Тек, былыққа толы Шекара қызметінің бұрынғы басшысының ісі жабық жағдайда қаралып жатыр.
2 жарым ай бойы тергеу изоляторында отырған генерал сотқа өте жасырын түрде жеткізілді. Камераларға автозак түскенімен, қарауыл күзеті айыпталушыны көзден тасалап ғимаратқа кіргізіп жіберді.
Сотқа Нұрлан Жоламановтың адвокаты мен әйелінің ғана қатысуына рұқсат етілген.
Былтыр қазан айының соңында қолына кісен салынған 58 жастағы генералға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, шекара бекеттерін тұрғызуға бөлінген миллиардттарды жымқырды деген бірнеше айып тағылып отыр.
Оның бірде бірін мойындамай отырған лауазымды шендінің алғашқы соты бірнеше сағатқа жалғасты. Кейін Жоламанов мінген автозак изоляторға қайта беттеді.
Алдағы айларда генерал тек көлікпен сотқа қатынайтын болады.