Біздің қазақ баласы жетістікке жетсе, Жаратқаным тіл көзден сақтасын деп дұғасын тілеп жүреді. Себебі қазақта, «тіл тиеді», «көз тиеді» деген бар. Ол дегеніміз адамның жолын бөгер қиындықтардың көбеюіне әкеп соқтыратыны белгілі. Жұрттың көзінен сақтасын деп қонақ келсе сәбиінің маңдайына күйе жағып немесе түйреуішті ішінен түйреп қояды. Я болмаса нәрестенің бесігіне үкі байлап, босағаға не төр бөлмеге көздің суреті бар көк ақ түсті аралас көз іспеттес моншақты іліп қояды. Мұның бәрі қаншалықты дұрыс?
Жуырда бір молданың уағызынан тыңдадым. «Жер бетіндегі кесапаттар мен пәлекеттерден қорғайтын жалғыз Алла. Біздің тфа-тфа деп ағашты соғып түкіруміз, көз тағуымыз мұның бәрі Аллаға серік қосу» деді.
Ал негізінен алып қарасақ, шариғатта көз тию-ақиқат делінген. Яғни, көз тию деген бар. Тек одан қорғану үшін, ешқандай ырымдардың, көз, тұмарлардың көмегі болмайды. Бәрінен Құдай өзі қорғаушы. Ендеше, ата-бабарымыздың, ата-әжелеріміздің немерелеріне тұмар байлап беруі, күй жағуы сынды ырымдары дінімізге қайшы келгені ме?
Осындай ойға батып жүргенімде осыдан бірер күн бұрын тойда ойынға берілетін сыйлықтар арасында біртүрлісувенирді байқап қалдым. «Алла» деген жазуы бар сувенирде көздің суреті белгіленген екен. Көз қою Аллаға серік қосу болып есептелсе, онда неге Алла деген ұлық сөздің қасына көздің суретін қоямыз? Қорабында «Made in China»деп жазылған екен. Мұндай сыйлықтардың қатары да аз болмады.
